Технологияның жылдам дамуы үлкен көлемдегі ақпараттың пайда болуына әкеледі. Көптеген ғылыми салалар, соның ішінде астрономия, үлкен массивті мәліметтерді талдау қажеттілігіне тап болады. Үлкен мәліметтер автоматтандырылған жердегі және ғарыштағы бақылау құралдарынан, сонымен қатар, астрономиялық мұрағат мәліметтерінен алынады. Мұрағаттық астрономиялық мәліметтерді сақтау және пайдалану көптеген жылдар бойы обсерваторияларда жинақталған бақылаулардың бай мұрасын сақтау үшін маңызды. Цифрланған астрономиялық негативтер мен спектрлердің кең мәліметтер қорларына онлайн қол жетімділік әлемдік ғылыми қауымдастық үшін маңызды болады.
Мұрағаттық цифрлық мәліметтерді заманауи мәліметтермен қатар әр түрлі мақсаттарда қолдануға болады, мысалы, жұлдыздардың өзіндік қозғалысын анықтау, қос және бірнеше жүйелерді анықтау, астрономиялық объектілердің кинематикалық қасиеттерін зерттеу және т. б.
В. Г. Фесенков атындағы Астрофизикалық институтта (бұдан әрі- ФАФИ) әр түрлі астрономиялық объектілерге (планетарлық тұмандықтар, сейферттік галактикалар, жұлдыздар, жұлдызды шоғырланулар, Күн жүйесінің кіші денелері және т.б.) қатысты 10 000-нан астам цифрланған астро-суреттерден тұратын фотометрлік және спектрлік мәліметтердің цифрланған мұрағаттық базасы бар. Бақылаулар әртүрлі құралдармен және әдістерді қолдана отырып жүргізілген.
Біздің міндетіміз ақпараттарды виртуалды обсерватория базасына біріктіре отырып, ФАФИ базасынан мәліметтерді тез және тиімді алуға мүмкіндік беретін интерактивті бағдарламалық пакетті әзірлеу. Мәліметтерді талдау және визуализациялауға интерактивті интерфейс әзірлеу жоспарлануда. Алынған фотометрлік мәліметтерді талдауға 1960-1989 жылдары аралығында Шмидт камерасын пайдалану арқылы алынған фотометрлік мұрағат мәліметтеріндегі астрономиялық айнымалы объектілерді іздеу алгоритмі әзірленетін болады, талдауға осы серияның жақсы астро-суреттері пайдаланылады. Мұрағаттық спектрлік мәліметтерді алу және талдау алгоритмі планетарлық тұмандық спектрлерінің негізінде жасалады. Бұл жобаны орындауға отандық жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары да тартылатын болады.
Жоба мақсаты. ФАФИ фотометрлік мәліметтердің цифрлық мұрағаттарынан айнымалы объектілерін анықтаудың әдістері мен алгоритмдерін әзірлеу. Цифрланған спектрлік мәліметтерді алу және талдау, одан кейін Виртуалды обсерватория базасына енгізу. Жобаны іске асыру барысында мынадай нәтижелер күтіледі: 1)астро-суреттер арасынан таңдап алынған ФАФИ цифрланған фотометрлік мәліметтері бойынша жаңа айнымалы объектілерді іздеу алгоритмі; 2) Цифрланған спектрлерді өңдеуге арналған әзірленген интерактивті бағдарлама; 3) планетарлық тұмандықтар үшін цифрланған спектрлік мәліметтерді өңдеу және талдау әдістемесі.
Әлеуетті тұтынушылар: жобаның нәтижелерін астрофизика саласындағы зерттеу ұйымдары айнымалы және өтпелі объектілерді зерттеу кезінде, сондай-ақ астрономия және астрофизика саласындағы қазақстандық және халықаралық жобалар шеңберінде спектрлік мұрағат мәліметтерді талдау кезінде сұраныста болады.
1-міндет. Астро-суреттер арасынан таңдап алынған ФАФИ цифрланған фотометрлік мәліметтері бойынша жаңа айнымалы объектілерді іздеу.
Осы міндет шеңберінде айнымалы объектілерді іздеу мақсатында 1960-1989 жылдар аралығында Шмидт камерасымен алынған ең жақсы цифрланған фотометриялық суреттер үшін астрометриялық редукция жүргізу жоспарлануда. Жаңа айнымалы жұлдыздардың жарқырауының өзгеру сипатына талдау жасалады (барлық қол жетімді каталогтар бойынша жіктеу, тұрақты емес объектілердің периодтық элементтерін және басқа параметрлерді анықтау).
2-міндет. Мұрағаттық спектрлік мәліметтерді өңдеуге арналған интерактивті интерфейсі бар бағдарламаны әзірлеу.
Осы міндет шеңберінде мұрағаттық спектрлік мәліметтермен жұмысты қамтамасыз ететін бағдарлама жазу жоспарлануда. Пайдаланушыға мәліметтерді оңай жүктеуге, талдауға және визуализациялауға мүмкіндік беретін интерактивті интерфейске баса назар аударылады. Заманауи технологиялар мен өңдеу әдістерінің көмегімен бағдарлама мұрағатқа жылдам қол жеткізуге, спектрлерді зерттеу сапасын жақсартуға және осы саладағы мамандардың жұмыс процесін оңтайландыруға ықпал етеді.
3-міндет. Цифрланған ФАФИ спектрлерінің ең жақсы суреттерінің ішінен таңдап алынған мәліметтерді (планетарлық тұмандықтар, сейферттік галактикалар мен жұлдыздар) экстракциялау.
Осы міндет шеңберінде планетарлық тұмандықтардың цифрланған спектрлік мәліметтерін талдау әдістемесін жазу жоспарлануда. Әрі қарай, біз жасаған интерактивті пакетті цифрланған спектрлік мәліметтерді өңдеуге, ВО дерекқорын енгізу үшін цифрланған мәліметтердің толық көлемінің ең жақсы суреттерінің ішінен таңдап алынған спектрлерді экстракциялау үшін пайдаланамыз.
Конференциялар:
1. “Alive Universe – from Planets to Galaxies” атты халықаралық ғылыми конференциясы, Баку, Азербайджан, 22-26 қыркүйек 2024 ж., Шомшекова С.А. “Spectral and photometric studies of NGC3516 in the optical range”
2. “Alive Universe – from Planets to Galaxies” атты халықаралық ғылыми конференциясы, Баку, Азербайджан, 22-26 қыркүйек 2024 ж., Ким В.Ю. “Galactic population of X-ray pulsars in HMXB systems”
3. 7th Shaw-IAU Workshop on Astronomy or Education, атты халықаралық ғылыми онлайн воркшобы, 18-21 қараша 2025, Шомшекова С. “Astronomical Research and Astronomy Education in Kazakhstan”. Сертификат.



